Казахстанско-японский центр развития человеческих ресурсов

Тыңдаушылар пікірі

Медеу Еділ

Жапон тілі курстарының тыңдаушысы (Тобы: Маругото А2-1)

Мен Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының (ҚЖО) әрбір тыңдаушысының жапон тілін оқуға келудегі өз тарихы мен себебі барына сенімдімін.

Бірақ барлық тыңдаушыларды жалғыз сезім байланыстырады, ол – Жапония мен мәдениеті, дәстүрлері, тарихы мен ерекшеліктеріне деген махаббат. Жапон тілін оқи отырып, жапон мәдениеті мен оны түсінуге жақындай түсесің. Қазіргі таңда ҚЖО Қазақстандағы жапон тілін кәсіби түрде оқытатын және жапондық ұстаздар да сабақ беретін аздаған орындардың бірі болып саналады. Мен үшін Орталық жапон тілін оқитын орын ғана емес, сонымен қатар мәдениеті, ерекшеліктері мен салт-дәстүрлері көрініс табатын Қазақстандағы Жапон аралы болып табылады. Бұл жерде жапон әдебиетімен танысып қана қоймай, шай рәсіміне қатысып, сакураның гүлденуімен сүйсініп, Жапониядан келген қонақтармен кездесе аласыз және, әрине, жаңа достар табасыз. Егер сіз жапон тілін оқуға бел бусаңыз, Жапон Орталығы ол үшін ең керемет жер деп анық айта аламын!

Динара Бектилова

Жапон тілі курстарының тыңдаушысы (Тобы: Маругото А2-2)

Сәлеметсіздер ме, менің атым Динара және мен өткен жылдың жазынан бастап KJC жайында білдім. Мен өтіп бара жатып кездейсоқ өзімнің сүйікті ақ түсті фондағы қызық шеңберді көріп қалдым. Сүйікті елімнің туын көріп қатты таң қалдым. Бұған дейін осындай жердің бар екенін де білмеппін. Дәл сол күні мен сыныптастарыммен бірге болашақта оқитын университетті немесе колледжді таңдауға шыққан едім. Сол күнге дейін мен жапон тілімен тек хобби ретінде қызыққан едім. Алайда KJC менің өміріме зор әсер еткендей сезіндім :).

Айтарым – оқу барысында ең ұнағаны – осында танысқан адамдар: кез келген уақытта сауалдарымызды тыңдап, кез келген, тіпті түкке тұрмайтын сұрақтарымызға жауап беретін сенсейлер; өте қызық, тіпті әр сабақта көңілді көтеретін курстастарым :D. Мен үшін осындай жерде жапон тілін оқу – бір ғанибет. Жаңа кездесулер, жаңа білім, жаңа тәжірибе – осының барлығын берген – KJC. Қазір Маругото А2-2 тобындағы барлығымыз өлең айтамыз, көңіл көтереміз, оригами жасауды үйренеміз, емтиханның алдында қорқып жүреміз, жалпы, жапон тілін оқуды ұмытпай, уақытты жақсы өткіземіз.
KJCはいつも私の心の中にあります。 (シ_ _)シ

Полтушев Дильмурат

Жапон тілі курстарының тыңдаушысы (Тобы: Маругото B1-1)

Қазіргі таңда шет тілдерін оқу маңызды. Меніңше, мәдениетті заманауи адам шет тілдерін оқу керек. Осылай менің жапон тілін оқи бастаған тарихым басталады. 3 жыл бұрын мен жапон тілін оқуға Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығына (KJC) келдім. Неге мен дәл жапон тілін таңдадым? Сол кезде мен ағылшын және француз тілдерін оқып жатқанмын, сол себепті шығыс елдерінің тілін оқуға шешім қабылдадым. Балалық шағымнан жапон анимелері ұнайтындықтан, таңдауым осы тілге түсті. Кейіннен әкем Жапон орталығына жазылуға кеңес берді, осы жерде әлі күнге дейін сүйіп қалған жапон тілін оқып жүрмін.

Менің тобымда оқушыдан бастап ересектерге дейін түрлі жас мөлшеріндегі адамдар оқиды және мен барлығымызды бір мақсат – жапон тілін оқу – байланыстыратындығына қуаныштымын. Сабақ барысында грамматикаға қатысты сұрақтар туындағанда, топтағы достарым бірден көмекке келеді, сол үшін оларға алғысымды білдіремін.

Біз жапон тілін жаңа «Маругото» бағдарламасы бойынша оқимыз, ол оқыған материалды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді, себебі «Маругото. Жапон тілі мен мәдениеті» оқулығына түрлі – күнделікті өмірден кәсіптік материалға дейінгі – тақырыптар кіреді. Үйреншікті тақырыптартан бөлек Жапон елінің мәдениеті мен тарихын зерттейміз.

Жапон мәдениетін толық ұғыну үшін ұстаздарымыз түрлі шаралар ұйымдастырады. Мысалы, Жапониядан келген қонақтармен бірге жапон тағамын әзірледік, олар бізге жапон тағамын қалай дұрыс дайындау керектігін түсіндірді. Сонымен қатар алған білімімізді тексеру үшін жапондық қонықтармен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Мен үшін әңгімелесе отырып білімімді тексеру мүмкіндігі болғаны тамаша.

Жапон тілін KJC-де оқи отырып, өзіме көп нәрсені аштым. Және атақты неміс ақыны Гёте айтқандай, «шет тілін білмейтін адам өз тілін де білмейді». Сол себепті берер кеңесім – әлі оқуды бастамағандар оқыңдар, ал бастағандар – ешқашан жеңілмей, тек алға жылжыңдар!

Болатбеккызы Айдана

Жапон тілі курстарының тыңдаушысы (Тобы: Маругото В1-1)

Жапон тіліне қандай да бір қатысы бар жаңа адаммен танысқан сайын сізден сұрайтыны: жапон тілін оқуыңның себебі қандай? Шынымды айтсам, мен ең алдымен қанаттандырған дорама ма әлде өлең бе, есімде жоқ. Алайда Жапон орталығына барып жүргеніме 3 жыл болды, сол арада мен колледжді бітіріп, университетке түстім, көптеген хоббилерді өзгерттім және вегетарианшыл болдым.

Өмірімде жалғыз өзгермегені – апта сайын жапон тілінің курстарына барып жүруім. Мен 2013 жылдың қараша айында Жапон Қоры ұйымдастырған жапон тілі курстарының ең үздік студенттеріне арналған 2 апталық бағдарламамен Жапонияға барып келдім. Осы бағдарламамен өзге 24 елден барған студенттермен бірге жапон мәдениетін зерттедік, ғибадатханалар мен мұражайларға бардық, Кансай диалектінде сөйлеуді үйрендік және Нара қаласындағы еліктерге тамақ бердік. Бұл бағдарламада мен үшін ең құнды болғаны – өзге қатысушылардың арасынан тапқан адал достарым, бәрімізді байланыстыратыны – біздерді бөліп тұрған мұхит пен үлкен уақыт айырмашылығына қарамастан, өзара түсінушілік пен достықтың болуы.

Мен биыл Алматыда өткен Қазақстандық жапон тілінен шешендік өнер сайысына қатысып, екінші орын алдым. Бұл – Ташкентте өткен Орталық Азиялық жапон тілінен шешендік өнер сайысына өзге де жеңімпаздармен бірге қатысуға мүмкіндік берді. Ташкент – ағаштар мен саябақтарға, кең көшелер мен үйлесімді архитектуралық ғимараттарға толы қала. Соған қоса, Ташкентте Жапония мен жапон тіліне қызығатын адамдар көп екен. Ондай адамдарды кез келген жерде кездестіруге болады. Бір рет мынадай жағдай болды: таксиде кетіп бара жатқанда такси жүргізушісі жапонша сөйлеп, біздің әңгімемізге қосылып отырды. Сірә, жапон тіліне деген қызығушылықтың ауқымының зор екендігіне және оның қаншама адамды байланыстыратынына өмір бойы таңданып өтетін шығармын.

Айтып кететін жайт: өзімнің тобымдағы құрбыларым секілді 1 жылдан аса уақыт жапон орталығына барып жүруімнің 1 себебі – Орталығымыздың қабырғасында өзіміздің сезінуіміз. Сабақтар арасындағы үзілісте 1 күн бұрын көрген анимені талқылап жатқан жастардың қатты күліп жатқан дауыстарын естуге болады. Ас бөлменің жанынан өтіп бара жатқанда мектептегі сабақтары аяқталып, Орталықтағы сабақтардың алдында асығысып рамен жеп жатқан оқушыларды жиі байқаймын. Ал кітапханада түрлі кітаптарды қарағанды ұнатамыз, мысалы самурайлар жайындағы кітаптар, мангалар немесе Винсент Ван Гогтың өмірбаяны. Әр сабақта білім алып қана қоймай, міндетті түрде Орталықтың жайлылығын тудыратын ұстаздармен күліп, көңіл көтеріп отырамыз.

Ең қызығы – курсқа қатынап, жапон тілін оқи бастағалы бері өзіміздің қалай өзгергеніміз. Бір күні менің құрбым менен және жалпы жапон тілін оқитындардан сол елдің әдеті мен этикетін бойымызға сіңіргенін байқапты. Тіпті тұтқаның арғы бетіндегі сөйлесуші көрмей тұрса да, өзім телефон арқылы сөйлесіп жатып, қалай басымды иіп жатқанымды байқамай қаламын.

Бір танымал кітапта менің сүйікті кейіпкерім былай деген: «көп кітап оқыған адам түрлі өмір кешеді, мүлдем оқымаған адам – 1-ақ өмір сүреді». Меніңше, дәл осылай шет тілін оқу жайында айтуға болады. Себебі тіл – сол елдің мәдениетінің кілті. Жапон тілі маған түрлі кездесулер, жақын достар, саяхаттар мен жылы естеліктер сыйлады. Және, ең бастысы, әлі күнге дейін жапон тілін оқуға барып жүрген Орталықтың атқарып жүрген жұмысына алғысымды білдіргім келеді. Келешекте жапон тілін кәсіп ретінде оқығым келеді, себебі жыл сайын жапон тілі мен мәдениетіне деген құштарлығым тек арта түсуде.

Шкляева Илона

Жапон тілі курстарының тыңдаушысы (Тобы: Маругото В1-1)

Оқиға адамның өмірінде қандай рөл атқарады? Өтіп кеткен кішігірім оқиғалар сол күні ұмытылып кетеді, ал басында болмашы болып көрінетін оқиғалар өміріңізді түпкілікті өзгертеді. Менің Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығына келуіме дәл сол оқиға себеп болды. Мен құрбыммен кирие (қағаздан кестелеп кесу арқылы сурет жасап шығаратын жапон өнері) бойынша шеберлік сабағына қатыстым. Бұған дейін ол жайында естімеген едім, сол себепті жаңа өнерді көргім келді. Сабақтың алдында көрсеткен үлгілердің нәзіктілігі мен көркемдігі қатты таңқалдырғаны әлі де есімде.

Сол сәтке дейін Жапония өнерімен таныс болмадым десем өтірік болар еді, бірақ дәл сол күні бір-ақ қыры болып табылатын кирие секілді ерекше алуан және бай мәдениетін жасап шыққан Күншығыс елінің халқы қызықтырды.

Шет тілінде сөйлейтін кез келген адам шетелдік әдебиетті аудармада емес, түпнұсқада оқу керектігін жақсы түсінеді, себебі тіларалық айырмашылықтың әсерінен автордың айтқысы келгенін жеткізу мүмкін емес. Екі еуропалық тілді меңгерген мен осы айтылғанмен толықтай келісемін. Жапондық авторлардың еңбектерін оқи отырып, оқытушы ретінде талай рет аударманың дұрыс берілмегенін байқадым.

Сол себепті, әрине, дастандар мен өлеңдерді жапон тілінде оқығым келіп, жапон тілін оқуға бел будым, кейін ҚЖО-ға курстарға жазылуға бардым. Шынымды айтсам, аздап қобалжып тұрдым, себебі жапон тілі шетелдіктер үшін ең күрделі тілдердің бірі болып саналады. Алайда «қиын болған сайын қызығырақ» деген ұранды басшылыққа алып, бұны өзіме деген сынақ ретінде қабылдадым.

Айтқандай – жапон тілін оқу мен үшін қызықты оқиға болды. Әр сабақта өзіме жаңа нәрсе ашамын. Менің бұл тілді сүйетін себебім – жапон тілі түрлі грамматикалық формалары бар, сөз қоры бай әрі дыбысталуы әдемі, әлемнің ең әдемі тілдерінің бірі болып табылады. Ол бұған дейін оқыған бірде-бір тілге ұқсамайды және осы жаңалық сезімі үнемі бойымда.

Қай қыз балалық шағында сахнада 1 рет болса да өнер көрсетуді армандамайды! Менің арманым ҚЖО қабырғасында орындалды, себебі әр семестрдің соңында барлық топ үйренгенін көрсету үшін сахнаға концерттік нөмірімен шығады. Яғни ҚЖО-да жапон тілін оқу өзімді шығармашылық жағымнан көрсетуге көмектесті, бұған дейін ондай мүмкіндігім болмады.

Балалық шағымнан бері тілеген тағы бір арманым – сурет салуды үйрену еді, бірақ ондай қабілетім болмады. Каллиграфия өнерімен танысқанда, қолыма қылқалам алдым. Бәріне жапон иероглифтерінің сызықтарының нәзіктілігі, сұлулығы және мінсіздігі белгілі болар. Каллиграфия сабақтары маған тек эстетикалық ләззат беріп қана қоймай, ұзақ жұмыс күндерінен кейін шаршағанымды басып, шыдамды болып, зейін қоюды үйретеді.

Мен Жапония жайында кітаптар оқи бастадым, аздап әдебиетіне, әсіресе, поэзиясына қызықтым. Өзім де өлең жазғым келді, алайда рифмалар қолымнан келмеді. Жапон хайкулері мен танкалары рифмаларды қажет етпейді, оның сұлулығы мен терең мағынасы бар жоғы 17 буынға сиып кетеді! Бір күні өзім хайкуді жазып көруге шешім қабылдадым, және ол менің қолымнан келді! Мен көп уақыт бойы оны ешкімге көрсетпей жүрдім, бірақ күшімді жинап, достарыма көрсеткенде, «өте жақсы» деп мені мақтады. Осылай менің көптен жүрегімде жүрген арманым орындалды.

Және мен өзіммен бірге жапон тілі мен мәдениетін оқып жүрген  адамдарды айтпасам болмайды. ҚЖО-да мен керемет әр түрлі адамдармен таныстым. Әр адам – жеке әлем. Олармен араласа отырып, жеке тұлға ретінде дамимын, бәріміз сүйікті ісімізбен айналысамыз, тынығамыз, бір-бірімізге сабақтарда да, жеке өмірімізде де қол ұшын беріп жүреміз. Көбісі менің досыма айналды.

Мен ұстазбын, мектепте балаларға ағылшын және испан тілдерін оқытамын. Өзімнің партада оқушының орнында отыруым оқушылардың жат тілді игеруде өзін қалай сезінетінін, қандай қиындықтарға тап болатынын түсінуге септігін тигізеді. Бұл – оқытушы ретінде жұмысымды жетілдіруге және кәсіби дамуға ықпалын тигізеді.

3 жылға артқа қарасам (ҚЖО-ға алғаш келгенімнен бері сонша жыл өтті), өмірімді жапон тілінсіз елестете алмайтынымды айта аламын. Көп нәрсе өтті – қиындықтар мен жеңістер, бәрін тастап кеткім келген сәттер болды. Дегенмен «Ерінбесең еңбегің өнеді» дегендей, жапондықтар – өте еңбекқор халық, мен оны өз көзіммен ҚЖО қызметкерлерінен көрдім, олар мені оқуымды жалғастыруға қанаттандырды. Әзірге қалағанымдай тілді меңгергенім жоқ, әлі оқитыным көп.

Болашаққа жоспарым көп, келесі жылы Жапонияға барып, қалаларын, керемет табиғатын өз көзіммен көріп, жаңа адамдармен достасып, нағыз шеберлерден каллиграфияны үйренгім келеді. Бұл жерде терең білімсіз жүзеге асыра алмаймыз. Болашақта Күншығыс елінен алған әсерлерімді жазатын сапарнама жазатын ойым бар. Осы барлық арманым ҚЖО қызметінің арқасында орындалар деп үміттенемін.

Бітіріп кеткен тыңдаушылардың пікірлері

Бейшанова Малика

2008 жылы 8 сыныпта оқып жүргенде кенеттен жапон тілін оқуға деген қызығушылығым пайда болды. Сол кезде ол мен үшін жұмбаққа толы, күрделі болып көрінді және жақынырақ танысқым келді. ҚЖО жайында ести салып, сол жаққа бардым, алайда, өкінішке орай, кезекті семестр басталып қойғандықтан, тыңдаушылардың жазылу мерзімі жабық болды. Келесі курсты қыркүйек айына дейін күту керек болды. Десе де, менің жолым болды: Жапон орталығы жазғы қысқа мерзімді курсты ашты, мен ойланбастан бірден жазылдым, себебі жапон тілін оқуды тезірек бастағым келді. Жапон тілінің ежелерін оқуда құрбыммен өткізген екі апта жапон тілін оқуды одан әрі жалғастыруға қанаттандырды. Сол себепті біз тағы 1 досымызды шақырдық та, 3 сыныптас дос болып жас өспірімдер тобында бірге оқыдық. Сондай құлшыныспен алыстан аптасына екі рет қатынап, үй тапсырмасын істеп жүргеніміз әлі күнге дейін есімде. Алғашқы ұстаздарымызды мұқият тыңдап отырдық. Үзіліске шыққанда үлкен шулы тобымызбен көңіл көтеріп жүрдік. Ал курстардың жабылу рәсіміне қалай дайындалдық десеңізші! Жапон орталығы маған тек білім мен жапон тілін оқуға көптеген ресурстар беріп, жапон мәдениетімен таныстырып қана қойған жоқ, сонымен қатар жақсы достар, көңілді кештер және де шығармашылық жағынан даму мүмкіндігін берді. Аздап уақыт өтіп, өзім жеке жапон тілін оқығаннан кейін Астанадағы Қазақстан-жапон орталығында (ҚЖО) тағы 1 жыл тамаша ұстаздардан білім-тәлім алдым. Олардың арқасында Қазақстандық жапон тілінен шешендік өнер сайысында жеңіске жетіп, жеңімпаз атанып, бас ұтыс – Жапонияға жіберетін жолдаманы ұтып алдым. Сонымен қатар сәті түсіп Ташкентте өткен Орталық Азиялық жапон тілінен шешендік өнер сайысына қатысып, үшінші орын алдым. Ал қазір Орталықта жапон тілін оқып жүрмесем де, алған білімімді сақтап қалуға тырысып жүрмін, мысалы, былтыр Мәскеуде ТМД елдерінің арасында өткен жапон тілінен шешендік өнер сайысына қатысып, бесінші орын алдым. Бұның барлығы – қайтадан Орталық оқытушыларының кәсіпқойлығының арқасында…

Осымен не айтқым келеді? Жапон орталығы маған көп мүмкіндік ашты және ыстық естелік қалдырған, сол Орталық қабырғасында өткізген көңілді уақыт сыйлағанын айтқым келеді.

Жапон орталығы жай жапон тілі курстары еместігін өзіңіз де, бәлкім, түсінген боларсыз. Осында келсеңіз, мен секілді Жапония мен жапон тіліне мәңгі ғашық болып қаласыз.

Иманқұлова Айжан

Жапон тілін оқудағы тәжірибем.
Бәрі қалай басталды…
Бәрі кездейсоқ басталды. 2009 жылдың шілде айында Үлкен Алматы көліне бара жатып, Қазақстан-жапон орталығының сол кездегі директоры – Митома Эйтаромен таныстық. Кейін оның хал-жайын білу үшін Жапон орталығына барып, жапон тілі курстары жайлы білдік. Жапон тілі курстары бөлімінің қызметкері курс жайында егжей-тегжейлі мәлімет берген соң, жазылуға бел будым.

Тамыз айы бойы қабылдау емтиханына дайындалып, дәптеріме хирагананы қайта-қайта жазып оқыдым. Мүмкін сол себепті мен хирагананы сондай жақсы көремін ^^.

Алғашқы сабақта өзімізді таныстыруды үйренгеніміз әлі есімде және «хаджимэмашитэ» сөзін айту мен үшін мүмкін еместей көрінді, себебі сол кезде жапон тілін алғаш рет естідім. Мен «Ха» не? «Хаа» қалай? деп айта алмадым: алайда жапон тіліне қалай ғашық болып қалғанымды өзім де байқамай қалдым.

Оқу үрдісі.
Маған сөздерді, грамматиканы оқу сондай ұнап қалды. Грамматикасы, байқағанымдай, қазақ тілінің грамматикасына қатты ұқсайды екен. Сол себепті маған оқу және түсіну жеңілірек болды. Мысалы, «иттекимасу»: «ику» – «бару», «куру» – «келу», қазақ тілінде де «барып келемін» деп айтуға болады, «тте» қазақ тіліндегі көсемшенің «-ып» жалғауына сәйкес келеді және т.б.

Оқыған жаңа сөздер мен грамматиканы міндетті түрде көптеген жағдайда жапон киноларынан, шоуларынан, өлеңдерінен естігенде былай деп ойлайтынмын: «мен мына сөзді білемін, олардың не жайында әңгімелесіп жатқанын түсінемін». Кейін өзім үшін өлеңдердің сөздерін аударып, көптеген дорамалар, кино мен шоуларын көріп, өзімді кейіпкерлердің орнына қойып, студент ретінде достарыммен жапонша сөйлесіп жатқанымды елестете бастадым. Айтпақшы, осының жапон тілін оқуда көмегі тиді. Осылайша оқыған материалдар жатталды. Содан өзім байқамай жапонша ойлай бастады. Уақыт өте келе, дорамаларды субтитрасыз-ақ жақсырақ түсіне бастағаныма қуандым.

Канджилерді (иероглифтерді) оқығанда ертегілер арқылы оқитынбыз. Ертегілер шынымен де жаттауға көмектесетін. Кейін ертегілер біткенде, өз ойымнан ассоциация таба бастадым. Ал уақыт өткен соң ертегілер мен ассоциациялар ұмытылғанмен, жатталған иероглифтер есте сақталып қалды. Ол қызық болып, канджилерді сүйіп қалдым.

Сабақ болатын күні «алақай, бүгін жапон тілі сабағына барамын» деп қуанатынмын. Қазір де солай ойлаймын. Достарым менің сабаққа қуана баратыныма таңданатын. Ал демалыс болғанда, курсты, ұстаздарымды, достарымды сағынатынмын. Магистратурадағы оқуым үшін Жапон орталығындағы оқуымды 1,5 жылға тоқтатып қойғанмын, бірақ қазір қайтадан курсқа барып жүрмін. Мен жапон тілі сабағынан қалғым келмейтін, себебі сабақтар қызық өтетін, үнемі Жапония, мәдениеті мен халқы жайында видео көріп, жаңа мағлұмат алып отыранбыз. Үйде қуана-қуана жаңа сөздер, грамматика мен канджилерді оқитынмын.

Мен ұстаздарыма алғысымды білдіргім келеді, себебі олар болмаса, менің қызығушылығым тез суып кетер еді. Олардың кәсіпқойлығы, сабаққа, бізге деген қатынасы, жұмыстарына деген махаббаты барлығымызға үлгі болады.

Норёкушикен емтиханы (JLPT)
Міне, мен Нихонгонорёкушикенге дайындала бастадым. Менің алғаш тапсырғаным – N5. Алдымда не күтіп тұрғанын білмегендіктен, аздап толқыдым, содан бар күшімді салып дайындала бастадым. Құрбыларымды қыдыруға шақырмауын, еш мазаламауын сұрадым, себебі мен емтиханға дайындалып жаттым ^^. Бірақ мен ойлағандай қиын болмады. N5-ті өтіп, бірден N3-ке тапсыруға батылдық жинадым. Әр жарты жыл сайын Норёкушикен, яғни N3-тен кейін жарты жылдан соң N2-ні тапсырамын деп жоспарладым. Бірден өте алмаймын, сол себепті тағы жарты жылдан кейін қайтадан N2-ге тапсырамын деп ойладым.

N2-ге дайындалғаным әлі есімде. Емтихан 2011 жылдың желтоқсан айында болды. Қосымша сабақтар алдым. Емтиханға 1 ай қалғанда емтиханға тиянақты дайындалу үшін еңбек демалысын алдым. Таңертең оянғым келмейтін, бірақ сол айда ерте тұру қызық болды, бүгін осы және соны оқуым керек деп ойладым. Жалпы адам ұйқыдан оянғанда, тынығып тұрады, ал мен күні бойы иерглифтерді оқығандықтан, түнде сол канджилерді көріп, оянғанда шаршап тұрамын, тіпті күлкім келетін. Бірақ мен жапон тілін оқығаннан ләззат аламын, себебі ол маған ұнайды. Бұл жолы емтиханнан өтпеймін деп ойладым, алайда мені таңқалдырғаны – мен сертификатымды алдым! Бәріне N2-ні өткенім жайлы мақтанып, 1 ай бойы тойлаймын деп айтып жүрдім ^^. Баллым аз (94 балл) болса да, қуанышты болдым. Келесі жарты жылда қайтадан N2-нің сертификатын алдым. Жоспар бойынша келесі қадам – N1.

Бірден емтиханнан өтпейтінімді әу бастан білгенмін. Сонда да тапсыруды шештім, себебі тапсырмайтын болсам, әлі уақытым бар деп ойлап, дайындалмас едім. Алғашқы 2 рет тапсырғанымнан өтпедім. Бірақ жоспарым бойынша 3-нші ретте өтуім керек еді. Солайша 2014 жылдың наурыз айында менің арманым орындалды – мен көптен күткен N1 сертификатына қол жеткіздім. Әйтсе де баллдарым аз (106 балл ^^) болды.

N1 сертификатын алғаным – менің бәрін біледі дегенді білдірмейді. Есебім бойынша, менің білімім N2-нің жартысы мен N1-дің жартысынан тұрады. Сол себепті мен курстарға барып, жапон тілін оқуды жалғастырып жүрмін. Түрлі тақырыптарды талқылай отырып, сөздердің жаңа мағынасын білу, барлығымен бірге оқу – сондай қызық емес пе?! Мен бұдан әрі тырысқым келеді, себебі жапон тілі – менің алғашқы махаббатым және жаныма рақат сыйлайтын аз дүниенің бірі.

Барлығына айтқым келетіні – айналысып жүрген ісіңізді сүйіңіз, жапон тілін сүйіңіз, себебі осы қызықты тілді, осы елдің мәдениетін оқу барлығымызды байланыстырады. Және мен осы курстарға кезіккенім үшін өте қуаныштымын, себебі жапон тілі менің өмірімдегі ең үлкен құштарлыққа айналды.